Жаңалықтар
43
ӘЛЕУМЕТТІК КОДЕКС - ӘДІЛЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТ
Қасиетті жұманың кешінде Қазақ радиосында болып, Сенатта талқылаудан өтіп жатқан Әлеуметтік кодекс жобасы жөнінде журналист Алмас Байдрахменмен сұқбат құрдым.
Енді нақты тақырыпқа ойыссақ. Еліміз тәуелсіздігін алған сәттен бастап әлеуметтік бағдарлы қоғам құру жолында келеді. Осы мақсатта бірқатар реформалар да жүзеге асырылды. Әрине олардың қатарында заман талабына сай жаңғыртуды қажет ететіні де жоқ емес.
Осы мақсатта 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында Президент әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмаларын қабылдау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ. 2021 жылы өткен Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің кеңейтілген отырысында Әлеуметтік кодекс дайындауды тапсырды. Айта кету керек, қазір Қазақстанда 19 Кодекс бар, оның үшеуі мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негіздерін қамтиды. Олар: Еңбек кодексі, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы, Неке және отбасы кодекстері.
Қабылданғалы тұрған Әлеуметтік кодекстің бұрынғы посткеңестік елдерде баламасы жоқ. Демек, Қазақстан Әлеуметтік кодексті ТМД елдері ішінде қолданысқа енгізетін алғашқы мемлекет.
Әлеуметтік кодекстің негізгі мақсаты - әлеуметтік қатынастарды құқықтық реттеу негіздерін белгілеу, балалы отбасыларды қолдаудың қолданыстағы шараларын күшейту, жастарды еңбек нарығында нәтижелі жұмыспен қамтуды ұлғайту, өткен жылдан бастап пилоттық негізде жүріп жатқан Отбасының цифрлық картасын толық енгізу арқылы халықтың әлеуметтік жағдайына автоматты мониторинг жасау жүйесін жетілдіру, 2023 жылдан 2027 жылға дейінгі аралықта жыл сайын ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін көтеру, ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс шамасын жаңадан кіретін зейнеткерлер үшін ұлғайту, 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақының үлес салмағын арттыру және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыру, жұмыс берушілер есебінен қосымша зейнетақы жарналарын енгізу т.б. Осылайша қазіргі жас ұрпақты зейнетақымен қамсыздандыруға мемлекет, жұмыс беруші және қызметкердің өзі жауапты болады. Бұл әлемдік тәжірибе және сонымен бірге, әрбір жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы жылдың 7 ақпанында Парламент Сенатында Әлеуметтік кодекс жобасының таныстырылымын жасады. Содан бері Әлеуметтік- мәдени даму және ғылым комитетінде жұмыс тобының 17 отырысы өтті. Кеңейтілген талқылаулар барысында мүдделі мемлекеттік органдардан, қоғамдық ұйымдардан, қаржы институттарынан 500-ден астам түзетулер ұсынылып, олардың қазіргі таңда 350-і салыстырмалы кестеде қорытылды. Оның 80-ге жуығы концептуалды ұсыныстар. Қалғандары басқа заңдардың нормаларына сәйкестендіру, заң техникалары болып табылады. Атап айтқанда, этникалық қазақтарға «Ата жолы» картасын беруді регламенттеу, жұмыс уақытының жиынтық есебін жүргізу, жұмыскерлердің айлық табысы мөлшеріне толымсыз жұмыс күнінің және толымсыз жұмыс аптасының әсері, сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек тағайындайтын уәкілетті органдардың қызметі, әлеуметтік қызметкерлерді әлеуметтік қолдау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық және жергілікті мемлекеттік органдар қызметінің өзара бөлінісін айқындау, кедейлік деңгейін, әлеуметтік көмек стандарттарын белгілеу, және тағы басқа көптеген мәселелер қамтылған.
Жалпы қорытар болсақ, Әлеуметтік кодекс қабылданған жағдайда 9 кодекске, 41 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделгенін атап өту қажет.
Бұл өте ауқымды жұмыс.





