Жаңалықтар
36

БЕСІНШІ ҚҰРЫЛТАЙ ҚЫЗЫЛОРДАДА ӨТЕДІ

Бүгін Бурабайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен Ұлттық құрылтайдың ІV отырысы өтті. Президентіміз Ұлттық құрылтай жұртымызды ортақ мақсатқа ұйыстырып, игі істерге жұмылдырғанын атап өтіп, қоғамдағы өзектідеген, атап айтқанда салық саясаты, уақыт белдеуі, ұрпақ тәрбиесі, еңбек нарығы, тағы басқа түрлі  мәселелерге назар аударды. 
Ұлттық құрылтай алғаш рет Ұлытауда өтіп, жалпыхалықтық жаңғыруға бастау болғаны белгілі. Қоғамдық диалогтың жаңа үлгісі қалыптасқан Түркістан мен Атыраудағы басқосуларда жұртшылықты толғандырған ауқымды мәселелер талқыланды. Бүгін де Бурабай төріндегі алқалы жиында орамды ой-пікірлер бір арнада тоғысты. 
Сыр өңірі жұртшылығын келесі V Құрылтайдың Қызылордада өтетіні ерекше қуантты. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Соңғы жылдары біз ұлттық бірегейлігіміздің маңызды факторы – тарих ғылымының дамуына ерекше көңіл бөліп жатырмыз.
Бүгінгі Құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келді. Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр.
Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын» деп атап өтті.  
Қызылорда – Шірік Рабат, Жанкент, Сығанақ, Ақмешіттің орнындағы қасиетті мекен. Ұлт руханиятының қайнар бастауына айналған ұлт зиялыларының, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің елдік мұрат жолындағы тұтастығына қанат бітірген қала. Осыдан бір ғасыр бұрын Ақмешіт Қазақ Республикасының астанасы болып, 1925 жылы сәуір айында өткен V съезде ұлтымызға «қазақ» деген тарихи атауын қайтару туралы шешім қабылданды. Қаланың атауы Қызылорда деп өзгертілді.   
Жұртшылық ежелгі өркениет ошақтарынан тіршілік бастауын алған жерде Ұлттық құрылтайдың өтетінін тарихи оқиға деп бағалап, Мемлекет басшысына алғыс айтуда. 
Сыр өңірінің тарихи жолы мен тағылымына терең бойлап, ұлтты тұтастыратын алқалы жиынды Қызылордада өткізуге шешім қабылдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына Сыр жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымыз бен шексіз алғысымызды білдіреміз!