Жаңалықтар
75
Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша құқық қорғау мәселелері талқыланды
Жоғарғы Сотта «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерді қараудағы сот практикасының проблемалық мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Оның жұмысына Жоғарғы Соттың судьялары, Республикалық адвокаттар алқасының, Бас прокуратураның, Ішкі істер және Әділет министрліктерінің, Қаржы мониторингіагенттігінің, Сот сараптамасы орталығының, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Сот әкімшілігінің және т.б. өкілдері қатысты.
Форумды ашқан Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау, оның ішінде кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғау жөнінде мемлекет тарапынан жүйелі түрде қабылданып жатқан шараларды атап өтті.
Баяндамашы Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында құқық қорғаудағы шектен шығушылықтарды жоюға және өзекті мәселелер бойынша нақты, салмақты құқықтық ұстанымдарды әзірлеуге Жоғарғы Соттың назарын аударды.
Республикалық адвокаттар алқасының (РАА) төрағасы Айдын Бікебаев Жоғарғы Соттың азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі жаңашылдықтарды – кассациялық сатының енгізілуін, сот төрелігінің сапасын, тергеу соттарының жұмысын жақсартуды, электронды білезіктерді қолдану аясын кеңейтуді тиімді деп атады.
Адвокаттардың мәртебесін арттыру және олардың қызметіне кедергі келтірмеу шаралары да атап өтілді.
Жоғарғы Сот судьясы Асқаржан Кенжеғарин сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының аяқталған операциялар бойынша шот-фактуралардың, оның ішінде төленген салық сомасын анықтау үшін (салық төлеуден жалтарған жағдайда) бастапқы есепке алу құжаттарының болуын жан-жақты тексерудің маңызды екеніне назар аударды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов ұрлық 53 пайызға азайғанын және алаяқтық, киберқылмыстың өзге де түрлері, несие және банк секторында өскенін атап өтті. Ол мұндай қылмыстарды тіркеу тәртібін нақты әзірлеу қажеттілігіне және олардың азаматтық-құқықтық қатынастар ретінде анық көрсетілмейтініне назар аударды.
Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов қылмыстық жолмен табылған мүлікті заңдастыру және қаржы пирамидаларының қызметіне қатысты Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын қабылдау қажет деп санады.
РАА төрағасының орынбасары Игорь Вранчев тергеу судьяларының кейбір мәселелерін және сараптамалардың сәйкессіздігін атап өтті.
Сондай-ақ құқық қорғау мәселелері бойынша Бас прокуратураның басқарма бастығы Дулат Әубәкіров, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары, ҚР Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілі Қанат Нұров сөз сөйледі.






