Жаңалықтар
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА СУҒА ТҮСУ МАУСЫМЫ РЕСМИ ТҮРДЕ ЖАБЫЛДЫ
2025 жылы аймағымызда су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылды. Жыл басынан бері өңірде тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру, алдын алу жұмыстарын күшейту және құқықтық тәртіпті сақтау бойынша ауқымды профилактикалық іс-шаралар атқарылды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Жандос Досымов мәлімдеді.
- Облыстағы су айдындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету - біздің күнделікті басты міндетіміздің бірі. Әсіресе жазғы маусым кезінде Сырдария өзенінің жағалауы мен басқа да су арналары тұрғындардың көп шоғырланатын орнына айналады. Сондықтан біз бірқатар кешенді шараларды қабылдап, оларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз. Биылғы маусымда облыс аумағында 795 рейд ұйымдастырылды. Оның барысында 31 мыңнан астам тұрғынға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді, соның ішінде 18 мыңнан астамы - жасөспірімдер. Бұл жұмысқа полиция, жергілікті атқарушы органдар және еріктілер тартылды. Қауіпті саналатын су айдындарында 398 ескерту тақтайшасы орнатылып, 24 мобильді пост құрылды. Сонымен қатар өзіндік құны төмен, инновациялық үлгідегі белгілер.
Тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында 370-тен астам мақала мен 225 бейнеролик жарияланды. Оқушылар арасында 238 интерактивті сабақ өткізілсе, ата-аналарға бейнематериалдар мен жадынамалар жолданды. Бұл балалардың жазғы демалысы кезеңінде қауіпсіздік талаптарын еске салып отыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің тиісті баптары бойынша профилактикалық бақылау мен құқықтық шаралар қолданылды. Қауіпсіздік ережелерін сақтамаған азаматтарға айыппұл салынып, заң талаптарының орындалуына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Дегенмен бұл кезеңнің аяқталуы қауіпсіздік ережелерін сақтамауға болады дегенді білдірмейді.






