Жаңалықтар
МЕМЛЕКЕТТІК ӘЛЕУМЕТТІК ТАПСЫРЫСТЫҢ ЖАҢА ЕРЕЖЕЛЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ
Қызылорда қаласындағы «Достық үйі» ғимаратының кіші мәжіліс залында «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жаңа ережелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесіндегі соңғы өзгерістер мен жаңашылдықтарды түсіндіру, сондай-ақ оларды тәжірибеде тиімді қолдану жолдарын талқылау болды. Кездесу мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және әлеуметтік жобаларды іске асыру сапасын арттыруға бағытталды.
Дөңгелек үстелді заңгер, «Асыл Мұра-Орда» қоғамдық қорының жоба жетекшісі, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар саласының жетекші маманы Айтмамбетова Айжан Ерланқызы модератор ретінде жүргізді. Шара барысында 2026 жылғы 8 мамырда бекітіліп, 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енетін Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қағидаларына енгізілген өзгерістер жан-жақты талқыланды. Негізгі назар өтінім беру, жобаларды іріктеу, қаржыландыру, есептілік және бақылау тетіктерін жетілдіруге аударылды.
«Ай-Қанат» жастар қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Аукенов Ардақ Әбиұлы жаңа ережелердің практикалық қолданылу тәртібін түсіндіріп, өтінім беру процесінің цифрландырылғанын, жобаларды іріктеу жүйесінің жаңартылып, бағалау критерийлерінің нақтыланғанын атап өтті. Сонымен қатар, іріктеу процесінің енді балдық жүйе негізінде ашық түрде жүргізілетінін, комиссия шешімдерінің негізділігін көрсету міндеті енгізілгенін және шешім қабылдау үдерісінің ашықтығы күшейтілгенін жеткізді. Сондай-ақ ол жобалардың тек іс-шара өткізуге ғана емес, нақты әлеуметтік нәтижелерге қол жеткізуге бағытталуы тиіс екенін, олардың тиімділігі арнайы көрсеткіштер (KPI) арқылы бағаланатынын түсіндірді.
Жалпы алғанда, енгізілген өзгерістер мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесінің ашықтығын арттыруға, тиімділігін күшейтуге және нәтижеге бағытталған әлеуметтік жобаларды дамытуға мүмкіндік береді.
Дөңгелек үстелге үкіметтік емес ұйым өкілдері, мемлекеттік органдардың мамандары, мемлекеттік сатып алу порталымен жұмыс істейтін мамандар және жастар қатысты. Шара соңында қатысушылар жаңа ережелер бойынша пікір алмасып, алдағы әлеуметтік жобаларды іске асыру бағыттарын талқылады.






