Жаңалықтар
36

Жаңа буын реакторларының қауіпсіздігі бойынша зерттеулер: Қазақстанның жаһандық атом ғылымындағы рөлі қандай

Әлемдік энергетикада қауіпсіздігі жоғары әрі көпфункционалды жаңа буын реакторларына көшу үрдісі белсенді қарқын алып келеді. Еліміз ядролық технологияларды жай ғана тұтынушы емес, төртінші буын реакторларының қауіпсіздігін әлемдік деңгейде негіздейтін басты серіктеске айналуда.


Қазақстан жаңа буын реакторларын зерттеуде тек технология тұтынушысы ғана емес, ғылыми әріптес ретінде қалай қатысады?


Қазақстанда халықаралық зерттеулерге қатысуға мүмкіндік беретін ғылыми инфрақұрылым мен тәжірибе бар. Бізде зерттеу реакторлары, сынақ стендтері, материалтану базасы, есептік модельдеу, радиациялық қауіпсіздік, ядролық физика және ядролық материалдармен жұмыс істеу бойынша мамандар бар. Сондай-ақ МАГАТЭ-мен, зерттеу орталықтарымен және технологиялық әріптестермен халықаралық ынтымақтастық тәжірибесі маңызды.


Ел үшін АЭС тапсырыс берушісі ғана емес, ғылыми-техникалық тізбектің қатысушысы болу маңызды. Бұл шешімдердің сапасын арттырады, ұлттық сараптаманы күшейтеді және болашақ жоғары технологиялық салалар үшін негіз қалыптастырады.


Қазақстан халықаралық зерттеулерге ғылыми әріптес ретінде қазірдің өзінде қатысып келеді. Ең көрнекі мысал натрийлі жылдам реакторлардың қауіпсіздігі саласындағы ҚР ҰЯО мен Жапонияның атом энергиясы агенттігі JAEA арасындағы EAGLE жобасы бойынша ынтымақтастық. 2026 жылы тараптар IV буындағы перспективалы жапон реакторларының қауіпсіздігін негіздеуге арналған реакторлық, реактордан тыс және шағын ауқымды эксперименттерді қамтитын EAGLE-4 жұмыстарын жалғастыруды талқылады.


Тағы бір мысал Қазақстанның термоядролық зерттеулер үшін материалтану базасын дамытуға қатысуы. Қазақстандық материалтану токамагы КТМ термоядролық реакторлардың қалыпты және авариялық жұмыс жағдайларында, оның ішінде плазма үзілуі режимдерінде материалдар мен технологияларды сынауға арналған.


Бұл Қазақстан ядролық технологиялардың тұтынушысы ғана емес, перспективалы энергетикалық жүйелердің қауіпсіздігі бойынша халықаралық ғылыми күн тәртібіне үлес қоса алатын ел екенін көрсетеді.


Атом энергетикасын дамытуда отандық ғылыми институттар қандай рөл атқара алады?


Отандық ғылыми институттар тәуелсіз әрі құзыретті ғылыми-техникалық тірек рөлін атқаруы тиіс. Олар жобалық шешімдерді талдауға, техникалық талаптарды дайындауға, қауіпсіздікті бағалауға, радиациялық және экологиялық мониторингке, материалтанулық зерттеулерге, кадр даярлауға және сараптамаға қатыса алады.


Ғылым тек формалды түрде немесе кейінгі кезеңдерде ғана қосылмауы маңызды. Ғылыми ұйымдар технология мен алаңды таңдаудан бастап пайдалану мен ұзақ мерзімді мониторингке дейінгі барлық кезеңге басынан қатысуы керек.


ҚР ҰЯО-ның бұл жердегі рөлі практикалық сипатқа ие. Бұл технология мен алаңды таңдауды ғылыми-техникалық сүйемелдеу, жобалық шешімдерді талдау, есептік және эксперименттік зерттеулер жүргізу, радиациялық-экологиялық мониторинг, кадр даярлау, тәуелсіз сараптамалық қолдау және халықаралық жобаларға қатысу.


АЭС қауіпсіздігі тақырыбы бойынша қоғамға жеткізгіңіз келетін басты ой қандай?


Басты ой мынадай: атом энергетикасының қауіпсіздігі сенім мәселесі емес, білім, технология, бақылау және жауапкершілік мәселесі. Қоғам сұрақ қоюға құқылы, ал сарапшылар оларға түсінікті және ашық жауап беруге міндетті.


Қазіргі АЭС күрделі, бірақ басқарылатын технологиялық объект. Оның қауіпсіздігі жоба, қорғаныс жүйелері, персоналды даярлау, ғылыми зерттеулер, мемлекеттік қадағалау және тұрақты мониторинг арқылы қамтамасыз етіледі.


Қазақстан үшін атом энергетикасын тек электр энергиясының көзі ретінде ғана емес, ғылым, білім, инженерия және технологиялық даму бағыты ретінде де дамыту маңызды. Егер біз кәсіби, ашық және жауапты әрекет етсек, атом энергетикасы елдің қауіпсіз әрі орнықты болашағының маңызды бөлігіне айнала алады.


Қоғам мынаны білуі тиіс: Қазақстан атом энергетикасына ғылыми базасыз келіп отырған жоқ. Елде зерттеу реакторлары, сынақ стендтері, радиоэкологиялық зерттеулер тәжірибесі, халықаралық жобалар және ядролық технологиялармен ондаған жыл бойы бейбіт мақсатта жұмыс істеп келе жатқан мамандар бар.


Сондықтан АЭС қауіпсіздігі сөзбен емес, біліммен, зерттеулермен, инженерлік тәртіппен, ашық мониторингпен, күшті реттеумен және дайындалған отандық кадрлармен қамтамасыз етілуі тиіс. Қазақстан атом энергетикасын дәл осылай дамытуда, ал болашақта бұл сала электр энергиясының көзі ғана емес, елдің технологиялық дамуының негізіне де айнала алады.