Жаңалықтар
Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді тетігі
Қазіргі кезеңде мемлекеттік басқару жүйесіне қойылатын негізгі талаптардың бірі – шешім қабылдаудың жеделдігі, басқару рәсімдерінің тиімділігі және азаматтар мен бизнес үшін артық әкімшілік кедергілердің болмауы. Осы міндеттерді қамтамасыз етуде мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту ерекше маңызға ие. Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекеттік органдардың қызметін оңтайландыруға, қажетсіз рәсімдер мен талаптарды қысқартуға және мемлекеттік басқарудың нәтижелілігін арттыруға бағытталған.
Осы бағытта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мемлекеттік органдардың қызметіндегі артық әкімшілік рәсімдер мен талаптарды анықтау және оларды оңтайландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
2026 жылы атқарылып жатқан жұмыстар туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Жасарал Аралханұлы Серікқалимен сұхбаттастық.
– Бүгінде мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты неде?
– Мемлекеттік аппаратта шешімдер қабылдаудың тиімділігі мен жеделдігін арттыру, атқарушы биліктің қызметін заңнамалық тұрғыдан артық регламенттеуді болдырмау, құжат айналымы мен есептілікті қысқарту, мемлекеттік органдар басшыларының дербестігі мен дербес жауапкершілігін арттыру мақсатында «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің (13.04.2022 ж. № 872) Жарлығы қабылданғандығы белгілі.
Жарлықтың 14-тармағымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері бойынша мониторинг пен талдауды, оның ішінде мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін зерделеп, сондай-ақ олардың нәтижелерін жартыжылдық негізде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне енгізе отырып, қамтамасыз ету тапсырылған болатын.
Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтудың негізгі мақсаты – мемлекеттік органдардың жұмысын барынша қарапайым, жедел және тиімді ету.
Бюрократия дегенді тек құжаттардың көптігі деп түсінуге болмайды. Оның ауқымы кең. Мысалы, бір мәселе бойынша бірнеше рет келісу, бір ақпаратты әртүрлі форматта қайта сұрату, функциялардың қайталануы, шешім қабылдаудың бірнеше сатыдан өтуі, бұрыннан қолданылып келе жатқан, бірақ қажеттілігі жойылған рәсімдердің сақталуы да мемлекеттік аппараттағы артық әкімшілік жүктемеге жатады.
Сондықтан біздің міндетіміз – қандай да бір рәсімді жай ғана қысқарту емес, оның мемлекеттік басқару процесіндегі қажеттілігін бағалау болып табылады. Егер белгілі бір құжат, келісу немесе рәсім нақты нәтиже бермесе және оның сақталуы қосымша уақыт пен еңбек шығынын талап етсе, оны оңтайландыру мәселесі қаралуы қажет.
– Департамент мемлекеттік органдардағы бюрократиялық кедергілерді қалай анықтайды?
– Бұл бағыттағы жұмыс бірнеше тәсіл арқылы жүргізіледі. Бюрократиялық кедергілерді анықтау кезінде ең алдымен мемлекеттік органдардың қызметіндегі қайталанатын және артық міндеттер мен функцияларға, өкілеттіктер мен құзыреттердің аражігін нақты айқындауға назар аударылады. Яғни бір функцияның бірнеше мемлекеттік органдар немесе лауазымды адамға қатар жүктелуі зерделенеді.
Сонымен қатар мемлекеттік органдар қызметінде азаматтар мен ұйымдарға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің өзіне артық әкімшілік жүктеме түсіретін талаптар мен шығындар анықталады. Оның ішінде шектен тыс немесе негізсіз құжаттар мен мәліметтерді талап ету, артық келісу рәсімдері және нақты қажеттілігі жоқ әкімшілік әрекеттер қаралады.
Тағы бір маңызды бағыт – құқықтық актілердегі, ақпараттық жүйелер мен ресурстардағы, сондай-ақ басқарушылық процестердегі олқылықтар мен кемшіліктерді анықтау. Кей жағдайда бюрократиялық кедергі нақты бір қызметкердің әрекетінен емес, қолданыстағы құқықтық реттеуден немесе ақпараттық жүйелердің өзара ықпалдастығының жеткіліксіздігінен туындауы да мүмкін.
– Мемлекеттік органдардағы артық құжат айналымы бюрократияның негізгі белгілерінің бірі деуге бола ма?
– Иә, құжат айналымы – осы бағыттағы маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе бір ақпараттың бірнеше мемлекеттік органға немесе бір органның әртүрлі құрылымдық бөлімшесіне қайта-қайта ұсынылуы уақыт пен адам ресурсын талап етеді.
Кей жағдайда ақпарат электрондық жүйеде бар болғанына қарамастан, оны қағаз нысанында қайта ұсыну немесе бірнеше форматта рәсімдеу қажеттілігі туындайды. Мұндай тәсіл мемлекеттік қызметшілердің негізгі міндеттеріне жұмсайтын уақытын қысқартып, әкімшілік жүктемені арттырады.
– Департаменттің осы бағыттағы жұмыстарының нақты нәтижелері қандай?
– 2026 жылдың I жартыжылдығында Департамент жергілікті атқарушы органдардың қызметін зерделеу барысында мемлекеттік аппараттағы артық рәсімдер мен талаптарды анықтауға ерекше көңіл бөлді.
Жүргізілген талдау нәтижесінде бюрократиялық рәсімдерді қысқартуға бағытталған 41 ұсыным әзірленді.
Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдарының ұйымдық құрылымын, негізсіз және қайталанатын міндеттер мен функцияларды, есептілік процесін оңтайландыру, мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік қызмет көрсетуді жетілдіру, ақпараттық жүйелердің кемшіліктері, цифрлық теңсіздік, құқықтық коллизиялар, олқылықтар мен құқықтық реттеудің кемшіліктері және т.б. мәселер зерделеніп, оңтайландыру нәтижесі бойынша бюджет қаражатын үнемдеуге болатындығы ұсынылды.
Сонымен қатар, экономика саласында мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері бойынша жүргізілген талдау барысында 33 кейс қалыптастырылып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жолданды.
Бұдан бөлек, цифрлық платформалардың тиімділігін және келісу рәсімдерін оңтайландыру мәселелері зерделеніп, бюрократиялық жүктеменің артуына әсер ететін 17 жүйелі мәселе бойынша кейс әзірленді.
Қазірғі таңда Әділет саласында талдау жұмыстары жүргізілуде.
Бұл жұмыстардың барлығы мемлекеттік органдардың қызметіндегі нақты проблемаларды анықтап қана қоймай, оларды шешудің практикалық жолдарын ұсынуға бағытталған.
– Заңнамаға өзгерістер енгізілген кезде де бюрократиялық рәсімдер сақталып қалуы мүмкін бе?
– Иә, мұндай жағдайлар тәжірибеде кездесуі мүмкін. Заңнама өзгерген кезде мемлекеттік органдар өз қызметіндегі рәсімдер мен талаптарды жаңа құқықтық нормаларға сәйкестендіруі қажет.
Алайда кей жағдайда заңға өзгерістер енгізілгенімен, бұрын қолданылған рәсімдер немесе талаптар сақталып қалуы мүмкін. Сондай-ақ жаңа заңнамалық нормаларға тікелей қатысы жоқ қосымша құжаттар мен келісулер енгізілуі ықтимал.
Сондықтан заңнама өзгерген сайын мемлекеттік органдар өздерінің ішкі процестерін де қайта қарап, жаңа талаптарға сәйкес келмейтін немесе қажеттілігі жойылған рәсімдерді алып тастауы маңызды болып табылады.
– Цифрландыру бюрократияны азайтуға қаншалықты ықпал етеді?
– Цифрландыру бюрократияны азайтудың маңызды құралы. Бірақ кез келген рәсімді электрондық форматқа ауыстырудың өзі автоматты түрде бюрократияны жоймайды.
Егер қағаздағы күрделі рәсім сол күйінде электрондық жүйеге көшірілсе, азамат немесе мемлекеттік қызметші үшін оның мазмұны өзгермейді. Сондықтан цифрландырудан бұрын процестің өзін оңтайландыру қажет.
– Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту тек мемлекеттік органдардың міндеті ме?
– Жоқ. Бұл – мемлекеттік органның ғана емес, бүкіл басқару процесіне қатысушылардың ортақ міндеті.
Бюрократиялық кедергілерді азайту үшін мемлекеттік органдар өздерінің ішкі процестерін тұрақты түрде қайта қарап отыруы, азаматтар мен бизнес өкілдерінің ұсыныстарын ескеруі, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің практикалық тәжірибесін назарға алуы қажет.
Мемлекеттік аппараттың тиімділігі – құжаттардың көптігімен емес, азаматтардың мәселесін сапалы әрі уақтылы шешумен өлшенуі тиіс.
– Сұхбатымызды қорытындылай келе, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтудың басты қағидаты қандай деп ойлайсыз?
– Басты қағидат – мемлекеттік басқаруды азаматқа, қоғамға және нақты нәтижеге бағдарлау.
Түптеп келгенде, бюрократиядан арылту – мемлекеттік аппараттың жұмысын жеңілдету ғана емес, мемлекеттік басқарудың сапасы мен нәтижелілігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс. Оның түпкі нәтижесі –мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы тиімділігі мен жауапкершілігін арттыру болып табылады.
– Сұхбатыңызға рақмет!






