Жаңалықтар
КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛДІКТІҢ ТІРЕГІ, БОЛАШАҚТЫҢ БАҒДАРЫ
Конституция – мемлекеттің саяси-құқықтық жүйесінің берік іргетасы, қоғамның тұрақтылығы мен ел болашағының кепілі. Ол мемлекеттің даму бағытын айқындап қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамдағы әділеттілік пен заң үстемдігін қамтамасыз етуге негіз болады.
Жаңа Ата Заңда көрініс тапқан қағидаттар әділетті қоғам қалыптастыру, заң мен тәртіпті орнықтыру, адами капиталды дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру міндеттерімен тығыз байланысты. Өйткені мемлекеттің басты байлығы – оның халқы, ал елдің тұрақты дамуы ең алдымен азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің қорғалуына тәуелді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында Конституцияның ел өміріндегі айрықша рөліне тоқталған болатын.
Мемлекет басшысы: «Азаматтарымыз жаппай қолдаған Конституция 1 шілдеде заңды күшіне еніп, еліміздің саяси жүйесінің түбегейлі жаңғыруына, жаңа билік институттарының құрылуына үлкен серпіліс берді. Жұртымыз жарқын болашаққа бастайтын ауқымды жұмысты атқаруға белсенді түрде кірісті», – деп атап өтті.
Конституция – билік пен халық арасындағы қоғамдық келісімнің негізі. Сондықтан оны құрметтеу, заң талаптарын сақтау және ел болашағына бейжай қарамау – баршамызға ортақ міндет.
Елдің жарқын болашағы – заң үстемдігі орныққан, азаматтарының құқығы қорғалған және ортақ мүдде жолында біріккен қоғамның қолында.
Бақытбек Дүйсенбайұлы
Қазалы ауданының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің әдіскері






