Жаңалықтар
128

ӨҢІРДІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУГЕ ҚАТЫСТЫ ТАПСЫРМАЛАР ЖҮКТЕЛДІ

ҚР Премьер-министрі Олжас Абайұлы Бектеновтің Сыр өңіріне жұмыс сапары алдымен Байқоңырдан басталып, «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені құрылысымен, қаланың даму жоспарымен танысты.
Қазіргі уақытта Байқоңыр қаласы  тұрғындарының 70%–ы - Қазақстан азаматтары. Кейінгі жылдары қала халқының өсу қарқынын ескеріп,  әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй қорын ұлғайту шаралары қабылданды. Көппәтерлі тұрғын үйлер газдандырылды, сумен жабдықтау және су бұру желілері жалдан шығарылып, облыстық коммуналдық меншікке алынып, жөндеу жұмыстары басталды.
Үкімет басшысы атқарылған жұмыстарды көргеннен кейін тиісті министрліктерге бірқатар тапсырма берді. Олар «Союз-5» зымыран тасығышының алғашқы ұшырылымын қамтамасыз етумен,  «Бәйтерек» жобасын іске асыруға қаражат бөлу мәселесін пысықтаумен байланысты. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңарту жобасын қаржыландыруға қатысты да бірқатар міндет жүктеді.  Алдағы уақытта құзырлы ведомостволар облыс әкімдігімен бірлесіп, Байқоңыр кешенінде туризмді дамыту тұжырымдамасының жобасын әзірлеу жөнінде ұсыныс енгізеді.
Үкімет басшысы Кіші Аралдың жағдайын, жұмыс сапарына негіз болған басты мәселелердің бірі – су үнемдеу технологияларын, су инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын көрді. 
Үкімет басшысына Кіші Аралды сақтау және «Көкарал» бөгетін қайта жаңғырту  жұмыстарының барысы жөнінде, сонымен бірге  «Қараөзек» су қоймасының құрылысын салу мәселесі баяндалды.
Сырдария өзені  – өңірдің тыныс-тіршілігінің өзегі. Үкімет басшысы өңірде енгізілген су үнемдеу технологияларын,   егістікті әртараптандыру, алқаптарды   лазерлік тегістеу жұмыстарын жоғары бағалады. Ылғал үнемдейтін технологияларды қолдану бойынша жұмысты жалғастыру туралы тапсырма берді.  
Су ресурстары және ирригация министрлігіне Сырдария өзеніндегі су тапшылығын ескере отырып,  «Қараөзек» су қоймасын салу жобасын биылғы жылы қаржыландыру жөнінде ұсыныстар енгізуді жүктеді.  Үкімет су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерінде көрші елдермен жұмысты жалғастыратынын айтты.
Экология және табиғи ресурстар министрлігіне орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ҚазҒЗИ филиалын Қызылорда облысында ашу, Арал және Қазалы орман шаруашылықтары кәсіпорнының базасында ерекше қорғалатын табиғи аймақ мәртебесі бар «Арал орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватын құруды пысықтау тапсырылды.
Олжас Абайұлы Қызылордадағы «AKSA Energy» түрік компаниясы қолға алған жаңа жылу-электр орталығы құрылысымен, Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайту жөніндегі тапсырмасының орындалуын көру үшін шыны зауыты жұмысымен танысты.
Сапар қорытындысында әлеуметтік және басқа да объектілерді салу кезінде терезелерді, шыны блоктарды өндіру барысында отандық шыны өндірісін пайдалану керектігін айтты.  Сондай-ақ, алдағы уақытта ұлттық режимнен алуға жататын машина жасау, химия, металлургия және құрылыс өнеркәсібі тауарлары, жұмыстары, қызметтері тізбесіне шыны өндірісі енгізіледі. Алдағы уақытта Үкімет шыны зауыты өнімдерін өткізуге қатысты мәселелерді шешуге қолдау көрсететін болады.
«Өндіріс» индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылымды қаржыландыру, тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету жобасын жалғастыруға 2025 жылға қаражат бөлу, шыны зауыты пайдаланатын тауарлық газға жеке тариф айқындау сияқты өте өзекті мәселелер де алдағы күн тәртібінен орын алмақ.
Сонымен бірге,  «Қызылорда-Үшқұдық» автокөлік жолын салудың экономикалық тиімділігі зерделеніп, «Қызылорда-Ақтөбе» және «Қызылорда-Жезқазған»  автокөлік жолдары құрылысын белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде тиісті шаралар қабылданады.
Сапар барысында тиісті министрліктерге Қызылорда қаласы бағытына қосымша авиарейстер ұйымдастыру, оларды республикалық бюджеттен субсидияланатын әлеуметтік маңызы бар маршруттар тізбесіне қосу, Қызылорда қаласындағы 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысына қажетті медициналық жабдықтарды сатып алу құнын ескеріп, қосымша қаражат бөлу туралы тапсырмалар берілді.
Жаңа Жылу электр орталығы мен ТКШ объектілерінде жоспарланған жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды күнделікті бақылау да маңызды міндеттер қатарында.
Біздің аймақ өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көрсеткішінің өсу қарқыны бойынша көш басында. Бұл - бірлескен нәтижелі жұмыстың көрсеткіші.
Үкімет басшысының сапары кезінде талқыланған, шешімі ұсынылған мәселелер өңір дамуына тың серпін бермек.
Олжас Бектенов өңірдегі тағы да басқа бірқатар  маселелердің шешілуіне қолдау көрсетілетінін айтты .