Жаңалықтар
45

«AMANAT»: ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ СОЛ ЖАҒАЛАУДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

«AMANAT» партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі фракция мүшелерінің Қызылорда қаласындағы жұмыс сапары Сол жағалауда бой көтерген оқушылар сарайы, теннис орталығы мен музыкалық колледждің құрылыс алаңдарында жалғасты. 
Бүгінде қаланың сол жағалауында «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 2,3 млрд теңге болатын заманауи үлгідегі 350 орындық Оқушылар сарайының іргетасы қалануда. Жаңа нысан білім мен тәрбие ордасына айналып, онда жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізуіне оңтайлы мүмкіндік жасалады.
Сонымен қатар, қарқынды құрылыс алаңына айналған облыс орталығында «Самұрық Қазына Траст» қорымен бірге құны 2,7 млрд теңге болатын үстел теннисі орталығының іргетасы қалануда. Бүгінде облыста бұқаралық спортпен шұғылданатындардың үлесі 39 пайызға, яғни, 328 597 адамға жетті. Халықты бұқаралық спортпен шұғылдануға ынталандыру үшін талапқа сай спорт нысандары қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Қызылорда қаласында бірнеше спорт нысандарының құрылысы жүргізілуде. Теннис орталығы 2025 жылы пайдалануға беріледі жоспарланған. 
Мәжілісмендер бұдан кейін жаңадан бой көтерген музыкалық колледж құрылысымен танысты. Өңірде музыка саласына бет бұрған азаматтардың тілектері ескеріліп, 2023  жылдың соңында «Саутс Ойл» компаниясымен Қызылорда облысының әкімдігі  музыкалық колледжге арнап сол жағалаудан 650 орындық жаңа ғимарат салу туралы келісімге қол қойған болатын. Үш қабатты ғимарат 650 орынға арналған. Жобаның жалпы құны 4,8 млрд теңге, ал бас мердігер – «Интегрострой»  ЖШС.