Жаңалықтар
Қызылорда облысында келесі жылы 128 нысанның құрылысы жүргізіледі
Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жергілікті құрылыс компаниясының басшыларымен кездесіп, өңірдің құрылыс саласындағы өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиында кәсіпкерлерге салықтық әкімшіліктендіру, жүргізілетін құрылыс жұмыстарының жоспары мен келер жылдан бастап мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнамаға енгізілетін өзгерістер түсіндірілді.
Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов кәсіпкерлер салықтық түсімдерді уақытылы және ашық түрде жүргізуі қажет екенін және салық базасын ұлғайтуға ынталы мердігерлерге мемлекет тарапынан қолдау барын айтты.
Ал, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев алдағы жылға құрылыс жұмыстары ауқымды көлемде, яғни мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысына барлығы 41,6 млрд теңге бөлінгенін тілге тиек етті. Бұл қаржыға облыста 128 нысанның құрылысы жүргізілмек. Сондықтан мердігерлер мен техникалық қадағалаушы мекемелердің жауапкершілігі қатаң қаралады.

Жиында сөз алған мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов облыс әкімінің бастамасына сәйкес Қаржы министрлігімен бірлескен жұмыстар нәтижесінде келер жылдан бастап конкурсқа түскен жеңімпаздарды анықтауда жергілікті мекемелерге басымдық беріледі. Бұл үшін критерийге өзгерістер енгізілді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа өзгерістер аймақтың өнім берушілерінің жеңіске жетуін және жұмыс көлемін қосалқы мердігерге беруін азайтып, өңірге салық түсімдерін көбейтеді деді. Ал, объектілері аяқталмаған мердігердің жеңімпаз болу мүмкіндігі төмендейді. Бұл өз кезегінде әлеуетті өнім берушілер арасында жұмыстарды, қызметтерді тең бөлуге және шартты өз мерзімінде орындауға жол ашады.
«Бұдан былай аудан және қала әкімдіктері мемлекеттік сатып алу конкурстарын ұйымдастырмайды. Мемлекеттік сатып алу процестері толықтай орталықтандырылып, басқарма арқылы жүргізіледі. Бұл салаға басқарма басшысы ретінде білікті заңгер Бауыржан Шәменовты тағайындап, жұмыстың сапалы әрі әділ өтуіне нақты талап қойдық. Сондықтан салынатын әрбір нысан сапалы және өз мерзімінде аяқталуы керек», - деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.






