Жаңалықтар
258

Несиесін өтей алмай жүрген азаматтар төлемді кейінге шегеруге мүмкіндік алды

 Қиын жағдайға тап болып, борышын өтей алмай жүрген қазақстандықтар төлемді кейінге шегеруге мүмкіндік алып отыр. Демек, адам жұмысқа орналасып, несиесін өтеуге жеткілікті табыс таба бастағанда төлемге қайта кіріспек. Бұл бастама микрокредиттер нарығын реттеп, халықтың қарыз жүктемесін азайту мақсатында іске асырылады. Әрі қаржы қауымдастықтары мұндай әрекетке амалсыз барып отырған секілді. Себебі президент миллиондаған халық бір кредитін жабу үшін тағы бірін алуға мәжбүр деп мәлімдеген еді.

 Соңғы жылдары проблемалық несиелер көбейді. Ал екі-үш жыл ішінде онлайн несиелерге қатысты алаяқтың деректері еселеп артқан. Оған бірнеше фактор әсер етті. Мәселен, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған қаржы ұйымдары кісінің түр-түсіне қарамай, қарыз жүктемесін тексермей сұрағанын берді. Себебі микроқаржы ұйымдары үшін аз күнге жоғары ставкамен берілетін несиелер пайдалырақ болғандай. Әрі олар тұтынушы туралы ақпаратқа уақытылы қол жеткізе алған жоқ. Кейін жағдай ушықты. Ел бір несиесін жабу үшін екінші бірін алды. 

 Депутаттар онлайн кредит беру жүйесіне қатысты сұрақ көптігін айтып, мәселе көтерді. Сөйтіп, қаржы нарығын реттеу агенттігі мен қаржы қауымдастықтары бірлесіп, ахуалды тұрақтандыруға кіріскен. Соның нәтижесінде, проблемалық қарыз алушылар саны 3,5 есеге төмендеген. Демек, берешегін төлемегеніне 90 күннен асқан борышкерлер саны 496 мыңнан 140 мыңға дейін азайған. Ал қарызды ішінара кешуріге 2 миллиард 185 миллион теңге жұмсалыпты.


Ақпарат көзі: Информбюро.кз