Жаңалықтар
Аққу өлтірген қызылордалық ұсталды
Қызылорда облысында аққуды аяусыз өлтірген ер адам табылды.
Аққуды өлтірген аудан тұрғынының аты-жөні анықталды. 22 желтоқсанда әлеуметтік желіде жарияланған видеоға сүйене отырып, Қызылорда облысының полиция департаменті жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр. Бұл факті желіде жарияланғанға дейін полицияға ешкім хабарлаған жоқ,
– деп мәлімдеді полиция басқармасының өкілдері.
Желі қолданушыларын ашуландырған ер адам анықталып, полиция бөліміне жеткізілген. Ол 26 жаста, Сырдария ауданының тұрғыны. Оның аққуды 2013 жылы күріш каналының жағасында балық аулап жүріп өлтіргені белгілі болды.
Тексеру нәтижесі бойынша жеткізілген адамның әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті шешім шығарылды,
– деп қосты полицейлер.
Еске салайық, әлеуметтік желіде Қызылорда облысының тұрғыны аққуды өлтіріп, жасаған әрекетіне мақтанған видеосы тарап кеткен еді. Әлеуметтік желі қолданушылары оның теріс әрекетіне наразы болды.
Ер адам аққуға айыр қадап алған. Видеода оның "кешке аққудан қуырдақ жейміз" деп айтқанын да байқауға болады.






