Жаңалықтар
Қызылордада аламан бәйге өтті
Республика күні қарсаңында “Алтын дән - 2022” мерекесі аясында Қызылорда қаласындағы ипподромда аламан бәйге ұйымдастырылды.
Айтулы додаға биыл ұлттық ат спортының 4 түрінен 100-ге жуық шабандоз бақ сынады. Еліміздің бірнеше аймағынан сәйгүлігін ерттеп келген шабандоздар қала халқына ерекше көңіл-күй сыйлады.
Бес шақырымды артқа тастаған тай жарыста шиелілік Дамир Әуезхан І орын иеленсе, 11 шақырымды құрайтын құнан бәйгеде жалағаш ауданының шабандозы Ержан Әлихан оза шапты. Оған 4 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Ал, 15 шақырымды оңай еңсерген топ бәйгеде Жамбыл облысының азаматы Асылжан Назар мәре сызығын алғаш басып, 2 миллион теңге иеленді.
Жүйріктер жарысын облыс әкімі Н.Нәлібаев та тамашалады. Аламатға ат қосып, төрт түлігін сайлап келген атбегілерге алғысын айтып, жеңімпаздарды құттықтады.
Ақпарат көзі: Kyzylorda-news.kz








