Жаңалықтар
"Қазақ тілінде жауап беру – мәдениетсіздік"
Ресейліктермен кездесу барысында шетелдіктерге қазақ тілінде жауап беру "мәдениеттің көрінісі емес" екенін айтқан белгілі кәсіпкер кешірім сұрады.
Рамиль Мухоряпов Chocolife компаниясының директоры. Ол өзінің Instagram парақшасына кешірім сұрау видеосын жариялады. Мухоряпов өз сөзінде Қазақстанда туып өскенін, қазақ тілін үйренуге тырысатынын жеткізді.
"Мен ең алдымен кешегі видео намысына тиген жандардан кешірім сұрағым келеді. Ол видеоны қайта қарап шықтым. Шынымен, асығыс қатты айтыппын. Өзім осында Алматыда туып, өстім. Біздің компанияның қызметкерлерінің 99%-ы қазақтар. Осы елге салық төлеп отырмыз. Мен қазақ тілін дамытудың маңыздылығын түсінемін. Сондықтан біздің компания өнімдердің барлығын қазақ тіліне аударды. Ал қосымшаның жартысы қазақ тіліне аударылып, жартысы дайындық үстінде. Жақын арада бұл жұмыстарды аяқтаймыз.
Өзіме келетін болсам,мен қазақ тілін аздап түсінемін, бірақ жақсы сөйлей алмаймын. Бірақ алдағы уақытта үйренуге тырысамын. Достар тағы да кешірім сұраймын",- деді кәсіпкер.
Әлеуметтік желі белсенділері қазақстандықтарға Мухоряповқа тиесілі компанияларды мүлде қолданбауға, ұялы телефондағы Chocolife қосымшасын өшіріп тастауға шақыруда.
Ал, мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Рамиль Мухоряповтың үстінен қылмыстық іс қозғауды талап етті.
"Мухоряпов деген біреу мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде жауап беруді мәдениетсіздікке жатқызыпты. Бұл – Қазақстан Республикасының Конституциясын мойындамау және қазақ халқының ар-намысына тию! Сондықтан ел арасында алауыздық туғызып, қазақтардың ар-намысын таптағаны үшін Бас Прокуротура оның үстінен қылмыстық іс қозғауы керек! Мәжіліс депутаты ретінде осыны талап етемін. Шыдамның да шегі бар, енді тек бұлардың басымызға отыруы қалды!",- дейді ол.







