Жаңалықтар
Әскерге барудан бас тартқандар абақтыға тоғытылады
Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Ғани Артықов бүгінге дейін әскерден жалтарған жастардың бірде-біріне айыппұл салынбағанын айтты.
Оның айтуынша, әскери қызметке барудан қашып жүрген жігіттерге заң осыған дейін де қатал болған. Заң бойынша азаматтар әскерден жалтаратын болса 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Болмаса 1000 айлық көрсеткіштен 3000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.
"Алайда осы күнге дейін бірде-бір адам осындай ауыр жазаға ұшыраған жоқ, ірі көлемде айыппұл салынбады. Жастардың көбі заңдық тұрғыдан жауапкершілік жайынан бейхабар. Әрине, оларды әскери пунктерге шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін әскерге барып жатыр",- деді Ғани Артықов.
Қорғаныс министрлігінің сөзінше, көбіне азаматтар жоғары оқу орындарын аяқтаған соң еліміздің өзге өңірлеріне жұмысқа кетеді. Сол себепті оларды табу қиынға соғады.
"Оқуды аяқтаған жастардың қызмет бабымен жан-жаққа кетіп қалуы көп болып тұр. Бұл мәселені шешудің өте оңтайлы жолы табылды. Қазір жастарға бұрынғыдай тұрғылықты үйлеріне шақыру қағазын апарып, яғни қағаз жүзіндегі шақыру ұсынылмайды. Қазір оларды sms-хабарландыру арқылы шақырып жатырмыз. Осы арқылы бір жағынан бюджетімізді үнемдейтін болсақ, екінші жағынан жастарымыздың қайда жүргені туралы анық мәлімет алып отырмыз",- деді ол.






