Жаңалықтар
157
СЫР ӨҢІРІНДЕ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ ЖОҒАРЫ
Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы мәселе бойынша жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырып, «бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет» деп атап өтті. Тұрғындарға тұрақты, сапалы ауыз су жеткізу ең өзекті және маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. Қазір облыста орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған 26 елді мекен бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін оларды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуіміз қажет», – деді аймақ басшысы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин 4 қала, 230 ауылдық елді мекеннің 204-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылғанын айтты. Биыл тағы 13 жобаны жүзеге асыруға 5,3 млрд. теңге қаржы қаралған.
©Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі






