Жаңалықтар
Елімізде колледждердің оқу ақысы өсті
Қазақстанда колледждердің оқу ақысы шамамен 20%-ға қымбаттады.
Еліміздің бір өңірінде бағаның өсуі бірден 66%-ды құрады. 2022 жылдың қаңтар-маусым айларында техникалық және кәсіптік орта білім беру саласында қызмет көрсету көлемі 84,2 млрд теңгеге жетті, бұл былтырғымен салыстырғанда 14,5%-ға артық.
Бюджет қаражаты есебінен – 73,8 млрд теңге, халық есебінен – 9,8 млрд теңге, кәсіп орындар есебінен – 669 млн теңгеге қызмет көрсетілген.
Өңірлік тұрғыда көрсетілген қызмет көлемі:
- Алматы қаласы – 11,1 млрд теңге
- Түркістан облысы – 5,6 млрд теңге
- Шымкент қаласы – 5,5 млрд теңге
- Ұлытау облысы – 1,5 млрд теңге
Техникалық және кәсіптік орта білімге келсек, ең жоғарғы көрсеткіш Елордада – жылына 27,1%-ға өсім көрсетіп, 4,6 млрд теңгеге дейін қызмет көрсетеді. Биылғы қыркүйек айының қорытындысы бойынша кәсіптік орта білім беру бағасы бір жылда 19,5% өскен.
Бағаның ең көп өсуі Атырау облысында байқалған – жылына 65,9%-ға көтерілген. Кейінгі орын Батыс Қазақстан мен Түркістан облыстарына тиесілі – 35,4% пен 34,5%. Ең аз баға өсім Ақмола облысында тіркелді: жылына 1,3%-ға.
Техникалық және кәсіптік орта білім беру саласында қызмет көрсететін кәсіпорындардың 76,6 пайызы мемлекеттік. Жыл басынан бері мемлекеттік мекемелер 64,6 млрд теңгеге қызмет көрсеткен. Көрсетілген қызметтердің тағы 23,3%-ы жеке кәсіпкерлікке (19,7 млрд теңге), ал тек 1,9 млн теңге – шетелдік кәсіпорындарға тиесілі.
Ақпарат egemen.kz сайтынан алынды.






