Жаңалықтар
Биыл Қызылорда облысында туберкулезден 10 адам қайтыс болды
Облыста биылғы 9 айдың ішінде туберкулез ауруына шалдығудың 330 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,6%-ға артқан. Олардың басым көпшілігі – тыныс алу жолдарының туберкулезі.
"Сырқаттанушылық деңгейі Жалағаш ауданында бір деңгейде қалыптасқан. Ал қалған аудандарда эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Туберкулездің ашық түрімен ауырғандар 1,3 есеге жоғарылаған. Індетке шалдыққандардың 66%-ы әлеуметтік белсенді топтар, яғни 18-64 жас аралығындағы тұрғындар. Сырқаттанушылықтың 5,4%-ы 14 жасқа дейінгі балалар болса, 5,4%-ы жасөспірімдер арасында тіркелген",- деп мәлім етті Қызылорда облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Эпидемиологиялық талдау нәтижесі көрсеткендей, туберкулезге шалдығу көп жағдайда жұмыссыздар мен зейнеткерлер арасында көп екені анықталды.
"Аталған аурудан Қызылорда қаласында – 5, Байқоңыр қаласында – 2 адам көз жұмса, олардың саны аудандар бойынша Жалағаш, Қазалы мен Жаңақорғанда – 1 адамды құрайды. Аурудың асқыну және өлім-жітім себептері ауру қаупі жоғары "тәуекел" топтағы контингенттердің уақытылы флюрографиялық тексерілмеуі, ауру клиникасы пайда болғанымен тұрғындардың медициналық көмекке кеш жүгінуі салдарынан болуы ықтимал",- деді аталған бөлім.






