Жаңалықтар
Қызылордада белгісіз адамдар балалардың көзінше иттерді атып, жұртты шошытқан
Қызылордада әлдебіреулер балалардың көзінше иттерді атып өлтіріп, жұртты шошытқан. Мұны жергілікті тұрғындар айтты деп хабарлайды, "Еуразия" телеарнасының тілшісі.
Куәгерлердің сөзінше, газель айдаған екі ер адам ауданды аралап, жануарларға оқ атқан, кейін оларды көлікке салып алып кеткен.
"Мен оларға жақындап едім, көлігінде өлім аузында жатқан иттер толып тұрғанын көрдім. Дереу 102 нөміріне хабарласқаннан кейін полиция бөлімшесіне барып, шағым жаздым. Ондағылар көлік әкімдіктікі екенін, демек ана адамдардың иттерді атуға рұқсаты бар деп айтты", – дейді қала тұрғыны Алина Закирова.
Қызылорда ветстанциясының өкілдері ешкімге иттерді ұстатуға, атуға бұйрық бермегенін, көлік кімге тиесілі екенін анықтайтынын айтты. Биыл Қазақстанда шыққан заңда иесіз жануарларды атуға тыйым салынған.






