Жаңалықтар
174

Елімізде бедеулік белең алып барады

  Қазақстанда ерлі-зайыптылардың 15%-ы бедеулікке шалдыққан. Осыған байланысты мамандар ерлер мен әйелдерде ұрық сапасының нашарлағанын айтып, дабыл қағады. Сонымен қатар жастардың ерте жыныстық қатысқа түсуінен түрлі жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупі жоғарылайды. Ал ол бедеуліктің белең алуына әсер етеді екен. Сондай-ақ ерлер белсіздігі де өзекті мәселеге айналған. Десе де технология заманында бедеулікті емдеудің әдістері бар, деп хабарлайды 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасы.


 Әсем Келманова бүгінде ұлы Қобыландыны өсіріп отыр. Бірақ Әсем өміріндегі ең үлкен бақытқа бірден қол жеткізе қоймаған. Тұрмысқа шыққаннан кейін бірден бала көтере алмаған келіншек екі жыл бойы ем қабылдаған. Табиғи жолмен сәбилі болудан үміт үзген кезде экстрокорпоральді ұрықтандырудың көмегіне жүгінуді жөн көрген. Осылайша жасанды ұрықтандыру арқылы тұнғышын өмірге әкелген.

 “Сенім болуы керек. Кейбіреулер жаңағы көтере алмай жатса, күйзеліске түсіп жатады. Келесіге көңіл күйі болмай қалады. Сондықтан адам берілмеу керек. Алға қарай жүгіру керек тағы да. Дәрігерлер көмектеседі, жолын көрсетеді”, – дейді Әсем Келманова. 

 Қазіргі уақытта бала сүйгісі келетін аналараға квота алу жеңілдеген. Бұрындары 5-10 жылдап кезек күтсе, қазір квота 2-3 айда беріледі. Алайда бұл жеңілдік бәріне жете бермейді. Өйткені табиғи жолмен нәрестелі бола алмай, кезек күткендер саны көп. Ал соңғы статистика бойынша еліміздегі ерлі-зайыптылардың 15%-ы бедеулікке шалдыққан.

 “Жылдан жылға көбейіп келе жатқан проблема. Өйткені экологиялық факторлар бар. Енді оны біз жөндей алмаймыз. Өйткені дүниежүзі бойынша ер адамның да, әйел адамның да ұрығының сапасы төмендеп келе жатыр. Оны біз көп айтқанбыз. Бірақ адамның өзі қолынан келетін мүмкіндіктерді қолдану керек. Жастау кезде ұрпақты болуға тырысу керек. Ертеңгі күні ЭКО-ға жүгінбей, табиғи жағдайда жүкті болуға тырысу керек”, – дейді репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова. 

 Бедеулік жыныс пен жас талғамайды. Мамандардың сөзінше, әрбір екінші жұп еркектердің бедеулігінен бала сүйе алмай отыр.

 “Тағы бір өте өзекті мәселе – еркектердің бедеулігі. Бізге жүгінетін әрбір екінші жұп – ерлер факторынан зардап шегетін адамдар. Олар тәжірбиелі андрологтарға қаралуы керек. Мұндай андрологтар біздің клиникаларда бар. Ерлер бедеулігін емдейтін технологиялар да бар”, – деп мәлімдеді медицина ғылымдарының докторы, профессор Вячеслав Локшин.

 Мамандар елімізде бедеуліктің түрлі формасын емдейтін көптеген әдістер бар екенін айтады. Мәселен, соңғы жылдары дәрілердің түрлері өзгеріп, қажетті медициналық құрал- жабдықтар жыл сайын жаңартылады екен. Одан бөлек жасанды ұрықтандыру кезінде жатырға салынатын эмбрионды "жасанды интеллект" таңдайды.

 Ұрықтың даму қабілетін бұған дейін эмбриолог маман анықтап келсе, енді "эмбриоскоп" деп аталатын жаңа құрылғы арқылы ұрықтың сапалы немесе сапасыз екенін білуге болады. Сондай-ақ репродуктологтар жастарға отбасын құрмай тұрып, генетикалық диагностика жасауға кеңес береді.