Жаңалықтар
Үш адамды құтқарған өрт сөндіруші комаға түсті
16 қараша күні Астана қаласындағы 15 қабатты тұрғын үйдің 11-ші қабатындағы пәтерден өрт шықты. Отқа оранған пәтерден 5 адам құтқарылып, 10 адам эвакуацияланған. Алайда өрт сөндірушілердің бірі пәтерден тұрғындарды шығару кезінде жарақат алып, комаға түскен.
Бұл туралы Батыржан Ибрагим есімді желі қолданушысы мәлімдеді. Оның айтуынша, Асқар есімді өрт сөндірушісі үш адамды пәтерден алып шыққан. Алайда өзінің денесінің 80%-ын күйік шалған.
"Қазір жағдайы өте ауыр. Батыр жігіттің есімі – Асқар. Өрт сөндіру қызметінде жұмыс істейді. Үйінде келіншегі мен екі кішкентай балапандары барша қазақ елінен тек дұға етіңіздерші деп сұрап отыр. Аман болсыншы. Ол үйдегі өртке жоғарғы қабаттан кіру үшін қорғаныш киімін шешіп, тек дем алу аппаратын ғана алған. Үйден 80 жастағы әжені, 22 жастағы немересін және көрші пәтерден балконда тығылып қалған 10 жасар баланы өрттен аман алып қалған. Асқар – бүгінгі күннің батыры. Қазір келіншегінің қолында Асқардың сағаты ғана қалды. Асқардың өмір сағаты тоқтамасын деп тілейікші", – деп жазды Батыржан Ибрагим.
Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласы ТЖД өртке қарсы қызметінің баспасөз хатшысы Аягөз Фазылова екі өрт сөндірушінің ауруханаға түскенін мәлімдеген еді. Екінші өрт сөндірушінің де денесін күйік шалған.






