Жаңалықтар
Үш адамды құтқарған өрт сөндіруші қайтыс болды
20 қараша күні Астанада үш адамды өрттен құтқарған Асқар Забикулин қайтыс болды.
"Асқар ақжарқын адам, жауапты қызметкер, кәсіби өрт сөндіруші және сауатты маман болды. Әріптестері арасында әділ, өз мамндығын сүйетін қызметкер ретінде құрметке ие еді. Ол өз ісінің маманы ретінде жадымызда мәңгі қалады", – дейді әріптестері.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Асқардың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
"Асқар Серікұлы Астанадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде оқиға орнына шұғыл жетіп, бірнеше адамның өмірін сақтап қалды. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын. Оның есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады", – деп жазылған жеделхатта.
Оның айтуынша, осы бір әрекеті арқылы ол Отан алдындағы азаматтық антына берік екенін және жанқиярлық ерлігін көрсетті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ержүрек өрт сөндірушінің есімін мәңгі есте сақтау мақсатында Астана қаласындағы көшелердің біріне Асқар Забикулиннің есімі беріліп, бюсті орнатылады.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының атынан ҚР ТЖ министрі Юрий Ильин мен елорда әкімі Алтай Көлгінов өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің отбасына үш бөлмелі пәтердің сертификатын табыстаған еді.







