Жаңалықтар
Министр болашақта сұранысқа ие бес мамандықты айтты
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек болашақта сұранысқа ие болатын бес мамандықты атады.
Министр білім саласына қатысты өзекті мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ, сұранысқа ие болатын бес мамандыққа тоқталды.
"Біріншісі, ақпараттық технологияға байланысты. Оның ішінде ақпараттық қауіпсіздік, яғни ақпаратпен жұмыс істейтін инженерлер. Екінші, ұстаздар. Елімізде үлкен демографиялық өсу. Сондықтан мектептер көп салынады. Оған 120 мыңға жуық ұстаз даярлау керек. Ұстаздықты ұмытпаймыз. Үшінші, медицина қызметкерлері. Пандемия нені көрсетті? Эпидемиология, виросология, микробиология саласында мамандар тапшы. Төртінші бағыт – көлік және тасымалдау. Жаһандану заманында осы саладағы мамандықтарға сұраныс жоғары болады. Бесіншісі – ауылшаруашылық саласы. Соңғы он екі жылда дүниежүзіндегі халық саны 8 млрд-қа жетті. Ал адамдар күніне үш рет тамақтанады. Сондықтан ауыл шаруашылығы, оның ішінде агроном, ветеринар, өсімдіктерді қорғау, генетиктер еңбек нарығына қажет", – деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ министр алдағы 3-5 жылда 200-ден астам жаңа мамандық пайда болатынын ерекше атап өтті.
"Оның 40 шақтысы қазір 15 жоғары оқу орнында және 40-тан астамы колледжерде оқытылады. Төрт мыңнан астам студент жаңа мамандық бойынша дәріс алуда. Ал 95 мамандық өкінішке қарай күрт өзгереді. "Мамандықтар атласы" жобасында осы мамандықтарды қарап шықсаңыздар болады", – дейді министр.
Сонымен қатар, оның айтуынша 120-дан астам мамандық еңбек нарығына кетеді.






